Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Салымшы өз салымы бойынша банкпен шарт жасасқанға дейін кепілдік сомасы туралы қалай білуіне болады?

Адамдар банкке ақша салып жатып, сол жинақ ақшаларының сақталғанын ғана емес, молайғанын және мерзімі аяқталған соң толық көлемде қолдарына тигендігін қалайды. Сондықтан ислам банктерінен басқа, екінші деңгейдегі отандық банктердің барлығы, олардың ішінде шетелдік банктердің еліміздегі филиалдары өздерінің салымшыларына депозиттерге кепілдік беру механизмі туралы ақпарат беруге міндетті. Бұл механизмнің қалай жұмыс істейтіндігін осы мақалада әңгімелейтін боламыз.

 

Заңнама талаптарына сәйкес банк салымы (шоты) туралы шарт жасасу барысында банк клиентке оқып шығуға және қол қоюға арнайы мәлімдеме нысанын ұсынады.    

 

Бұл нысанда банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтемді төлеу тәртібі мен мерзімі туралы ақпарат, сондай-ақ мына төмендегі жағдайлар орын алғанда өтем сомасы қалай есептелетіндігі көрсетіледі:

 

  • бір банкте бірнеше депозиттің болуы (түрі мен валютасына қарай);

  • шетел валютасындағы депозиттердің болуы;

  • салымшының банк алдындағы берешек сомасын есепке алу (шегеру) (мысалы, банкте салымшының депозиті мен қатар кредиті де бар болған жағдайда).

 

Банктер мұндай ақпарат беру жұмысын банктік қызметтер көрсету кешенді шартына қосылу жолымен (әдетте банктің сайтына орналастырылады) жазбаша түрде/қашықтан жүзеге асырады және бұл банктің жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге арналған өнімдерінің барлығына қолданылады.

 

Яғни салымшылардың депозиттеріне ғана емес, олардың ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларындағы теңгелей және шетел валютасындағы ақшаларына да қолданылады деген сөз.

 

Бұдан басқа, банктер салымшыны салымның (шоттың) маңызды талаптары туралы ақпараттармен қамтамасыз етеді. Яғни клиентке банк салымын (шотын) ашу барысында оған салымның түрі, одан ақшаны мерзімінен бұрын толығымен/ішінара ақша алу талаптары және нақты салым түрі бойынша максималды кепілді өте сомасы туралы ақпарат қолжетімді болады.   

 

Салымшы банкке қандай жолмен – банктің бөлімшесі арқылы жазбаша немесе цифрлық сервистері (мобильді қосымша/сайт) арқылы жүгінгеніне қарамастан, банк салымшымен банк шарты жасасқанға дейін клиентке танысып шығуға/қол қоюға берген құжатта салым бойынша бүкіл негізгі ақпаратты көрсетуге міндетті. Әдетте мұндай ақпараттар банктер салымды ашу барысында клиенттерге жазбаша немесе электронды түрде ұсынатын, банк өнімін ашу туралы өтініштің немесе басқа да құжаттың алғашқы бетінде көрсетіледі.

 

Бұл жаңа енгізілім клиенттерге өздерінің салым ақшалары бойынша ҚДКБҚ-ның максималды кепілдік сомалары туралы алдын ала білуге, сондай-ақ жарнамаланып жатқан банктік өнімдерді таңдауға жауапкершілікпен қарауға және банк лицензиясынан айырылған жағдайда қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін екендігін алдын ал болжауға мүмкіндік береді.

 

Еске саламыз, банк лицензиясынан айырылған жағдайда, Қор сол банкте мына төмендегідей максималды кепілдік мөлшері шегінде әртүрлі салымдарда, ағымдағы шоттарда және төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларды иелеріне қайтарады:


  • теңгелік жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңгеге дейін;

  • теңгелік өзге салымдар, шоттар, карточкалар үшін – 10 млн теңгеге дейін;

  • валюталық шоттар, карточкалар ж/е салымдар үшін – 5 млн теңгеге дейін.


Маңызды: егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылған болса, сақтандыру жағдайы туындаған кезде өтем сомасы әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып есептеледі, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.

 

ҚДКБҚ салымшыларға жоғарыда аталған кепілдік сомаларынан асып кетпеуді ескертеді. Ал егер асып кететін болса, онда басқа банктен қосымша депозит ашқан жөн. Өйткені әрбір банкте ашылған салымдардағы ақша қаражаттарына әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі.  

 

Депозиттер бойынша кепілдік беру және өтем ақша алу үшін өтініш беру және оған қажетті құжаттар туралы толыққанды мағлұматтармен ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан, сондай-ақ соған қатысты сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask telegram-чатына жолдауға немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласуға болады.

 

ҚДКБҚ өз сайтында «Депозиттер және кепілдік» бөлімінде калькулятор орналастырылған. Соның көмегімен салымшы өзінің депозиті бойынша кепілді өтемді оңай есептей алады.