Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ мәртебесі

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған банк салымшыларына өтем ақша төлейді. Осылайша Қор қаржы тұрақтылығына және азаматтарымыздың банк жүйесіне деген сенімін нығайтуға үлес қосады

Депозиттерді заң жүзінде қорғау

Қазақстан Республикасында салымшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау екі заң бойынша реттеледі:


  1. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңы
  2. «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңы

Банктер және банк қызметі туралы заң салымшылардың жинақ ақшасын қорғау құқығын бекітеді және жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдайтын банктерді депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысуға міндеттейді. Тек ислам банктері ғана бұл жүйеге қатыспайды.


Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің негізгі қағидалары

  1. Банктердің қатысу міндеттілігі
  2. Айқындылық
  3. Тәуекелдерді азайту
  4. Өтем төлеуге арналған арнайы резервтің жинақтық сипатқа ие екендігі


Негізгі заң – Депозиттерге кепілдік беру туралы заң

Бұл заң салымшылар құқығын қорғауға бағытталған және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің құқықтық негіздерін: ҚДКБҚ қызмет ету тәртібін, теңгелік және шетел валютасындағы салымдар мен жинақ депозиттер бойынша ең жоғары төлем сомасын және төлемдерді бастау мерзімі мен төлеу тәртібін белгілейді.


Қорғауға алынғандар - жеке тұлғалар мен дара (жеке) кәсіпкерлердің депозиттері. Ал «депозит» - салымдарды, банк шоттары мен карточкаларындағы ақшаларды қамтиды.


Банк салымшылары депозит, шот немесе банк карточкасын аша отырып, коммерциялық емес ұйым – ҚДКБҚ-дан өз ақшасын заңды түрде қорғау құқығына ие болады.
Қорғауға алынғандар - жеке тұлғалар мен дара (жеке) кәсіпкерлер.


Салымшының жинақ ақшасын қорғау құқығы заңда қарастырылған. Бірақ кепілдік берілген шекті соманың көлемі салымның түрі мен қай валютада ашылғандығына тәуелді.


  • Шетел валютасындағы депозиттер– 5 миллион теңге.
  • Теңгедегі депозиттер: салымдар, банк шоттары, төлем карточкаларындағы ақшалар – 10 миллион теңге.
  • Теңгедегі жинақ салымдар– 20 миллион теңге.
  • Егер бір банкте әр түрлі валютада әр түрлі депозиттер ашылған болса – 20 миллион теңге

Банк салымшыларының көпшілігінің депозиті қорғалған жағдайда ғана кепілдік беру жүйесі тиімді.
ҚДКБҚ барлық депозиттерді қорғайды, сәйкесінше банктердегі депозиттердің 99 пайыздан астамы толық сомада қорғалған.



Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің атқаратын рөлі

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры стратегиялық даму, жоспарлау және күнделікті қызмет барысы бойынша Ұлттық Банкке есеп береді.
Ұлттық Банк ҚДКБҚ капиталына құрылтайшы әрі мемлекет атынан Қордың жалғыз акционері ретінде қатысады.



Төлемдерді қаржыландыру

Салымшылардың салымдарын өтеуге арналған жалғыз төлем көзі – ҚДКБҚ арнайы резерві

Арнайы резервті жинақтау және тұрақты негізде толықтыру үшін 7 төлем көзі қарастырылған.


  1. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктердің жарналары. Бұл арнайы резервтің негізгі төлем көзі
  2. ҚДКБҚ жарғылық капиталының 70 пайызы. Жарғылық капиталды Қордың құрылтайшысы әрі жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қалыптастырады.
  3. ҚДКБҚ арнайы резервін әр түрлі қаржы құралдарына инвестициялаудан түсетін табыс. Ақша барынша сақтанымды қаржы құралдарына – ең жоғары инвестициялық сапаға ие депозиттерге, ноттарға және облигацияларға жайғастырылған. Басты қағида – ең жоғары өтімділік (бағалы қағаздарды қор нарығында тез сату мүмкіндігі) және ең төмен кредиттік тәуекел.
  4. ҚДКБҚ меншікті активтерін жайғастырудан түсетін инвестициялық табыс.
  5. Мәжбүрлеп таратылатын қатысушы-банктiң төленген (төленетiн) кепiлдiк берiлген өтем сомалары бойынша ҚДКБҚ-ның талаптарын қанағаттандыру тәртiбiмен алынған ақша.
  6. Уәкілетті органның қатысушы-банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешімінің күші жойылған жағдайда, одан кепілдік берілген өтем сомасы мөлшерінде алынған ақша.
  7. Қосылу шарты бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қатысушы-банктерге қолданылған тұрақсыздық төлемi.

2022 жылдың 1 қаңтарына қарай ҚДКБҚ арнайы резервінде 684,8 миллиард теңге жинақталды. Жарғылық капиталдың үлесі – 165 миллиард теңге. Барлығы 849,9 миллиард теңге.


Мақсатты көрсеткіш – депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктердегі жалпы депозиттер көлемінің 5 пайызы.


ҚДКБҚ жинақталған резервті тек депозиттерді қорғау мақсатында: лицензиясынан айырылған банк салымшыларына кепілдік берілген өтемді тікелей төлеу немесе лицензиясынан айырылған банктің басқа – жұмыс істеп тұрған банкке өткізген мүлкі мен кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелері арасындағы айырманы толтыру үшін қолдануға құқылы.



Депозиттерді іс жүзінде қорғау

Бүгінгі күні Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры таратылатын 9 банктің салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді:


  • «Қазинвестбанк» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ – 2022 жылғы 1 мамырға дейін (қоса алғанда);

  • «Capital Bank Kazakhstan» АҚ – 2022 жылғы 3 шілдеге дейін (қоса алғанда) жалғастырады. 

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша орындалған міндеттемелердің жалпы сомасы 113,1 миллиард теңгені құрайды.



Қордың құқықтары мен міндеттемелері

ҚДКБҚ мақсаты – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. ҚДКБҚ азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін қолдайды. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда, оның салымшыларына кепілдік берілген өтем төлейді.


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының атқаратын қызметтерінің, құқықтары мен міндеттемелерінің толық тізімі «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңында бекітілген.


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мынадай қызметтер атқарады:

  • банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда салымшыларға өтем төлейді
  • заңда көзделген жағдай орын алған кезде банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезетте өткізу операциясына қатысады
  • арнайы резервті қалыптастырады
  • активтерді инвестициялайды
  • депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктердің тізілімін жүргізеді
  • ҚДКБҚ басқару органы анықтаған тәртіпте агент банктерге қойылатын талаптарды белгілейді
  • кепілдік берілген өтемді төлеуді мақсатында агент банктердің алдын ала тізімін бекітеді
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банкті консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады
  • банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады
  • тарату комиссиясы төлеген (төлейтін) кепілдік берілген өтем сомасы бойынша ҚДКБҚ алдындағы берешегін өтегенге дейін мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қызметі мәжбүрлі тоқтатылатын филиалының) тарату комиссиясының құрамына қатысады
  • тарату комиссиясы төлеген (төлейтін) кепілдік берілген өтем сомасы бойынша берешекті өтеген кезге дейін мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қызметі мәжбүрлі тоқтатылатын филиалының) кредиторлар комитетінің құрамына қатысады.

ҚДКБҚ:

  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктерден жарналар төлеуін талап етуге;
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктерден қосылу шартының талаптарын тиісінше орындауын талап етуге;
  • орнықсыз қаржылық жағдайы бар банк санатына жатқызылған және (немесе) төлеуге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған қатысушы-банктен, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктен (банкті уақытша басқарушыдан) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мәліметтерді, сондай-ақ кредитор мен борышкер бір тұлға болған жағдайда олардың міндеттемелері қалай болатындығы жөніндегі, оның ішінде банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға;
  • заңның 8-1-бабына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен қажетті ақпаратты алуға;
  • заңның 9-бабына сәйкес Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен қатысушы банктердiң қаржылық жай-күйi және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету бойынша қажеттi ақпараттарды алуға;
  • заңның 23-бабында көзделген жағдай орын алған кезде қарыз алуды жүзеге асыруға;
  • қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қатысушы-банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешімінің күші жойылған жағдайда, лицензиясынан айырылған осы банктен депозиторларына төленіп қойылған кепілдік соманы қайтаруды талап етуге;
  • қатысушы-банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктен, қатысушы-банктің тарату комиссиясынан кепiлдiк берiлетiн депозиттер бойынша депозиторлар тiзiмiн және кепiлдiк берілген өтемнің есеп-қисабын уақтылы беруді талап етуге;
  • қатысушы-банк Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдында оған ықпал ету шараларын және санкциялар қолдану туралы өтiнiшхат беруге құқылы.

Қор:

  • барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған банктiң салымшыларына кепiлдiк берiлген өтемді төлеуге;
  • Қосылу шартының талаптарын айқындауға;
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктердiң жарналарды толық және уақтылы төлеуiне бақылау жасауға;
  • төлемге қабілетсіз банктің басқа банкке (банктерге) берілетін мүлкі мен кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелерінің мөлшері арасындағы айырманы толтыруға;
  • өзіне тиесілі қызметтерді атқару барысында қатысушы-банктер және олардың клиенттері туралы мәлім болған ақпаратты тек қызметтік мақсаттарда ғана пайдалануға;
  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қатысушы-банктердiң Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасын бұзу деректері туралы хабарлауға;
  • заңның 8-1-бабына сәйкес Ұлттық Банкке депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты беруге;
  • заңның 9-бабына сәйкес Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты беруге;
  • салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі туралы ақпарат беруге және ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге;
  • арнайы резервтегі активтердің және меншікті активтердің бухгалтерлік есебін бөлек жүргізуге;
  • заңға сәйкес алынған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.


Банктермен арадағы қарым-қатынас

Қордың салымшылармен қарым-қатынасы заң бойынша, ал банктермен – Қосылу шарты арқылы реттеледі. Бұл – банктің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылу шарты. Оның талабы осы жүйеге қатысатын банктердің барлығына тиесілі.


Екінші деңгейдегі банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу үшін Қосылу шартына қосылуға міндетті.


Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы-банктер үшін үш түрлі жарна қарастырылған.


  • Міндетті күнтізбелік жарналар – үш ай сайынғы төлемдер. Қатысушы-банктiң мiндеттi күнтiзбелiк жарнасының мөлшерi есеп берiлген тоқсаннан кейiнгi айдың бiрi күнгi жағдай бойынша қатысушы банктiң кепiлдiк берiлген депозиттерi сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиiс.
  • Қосымша жарналар – кепілдік берілген өтемді төлеу үшін Қордың арнайы резерві жеткіліксіз болған жағдайда төленетін ақша. Қатысушы-банктiң қосымша жарнасының мөлшерi оның Қорға өткен тоқсан үшiн төлейтiн мiндеттi күнтiзбелiк жарнасының екi еселенген мөлшерiнен аспауға тиiс.
  • Төтенше жарналар – заңның 23-бабында белгiленген тәртiппен Қордың алған қарыз ақшасын және ол бойынша есептелген сыйақыны толық өтеуге арналған төлемдер. Қатысушы-банктiң төтенше жарнасының жылдық мөлшерi оның тоқсан сайын төлейтiн мiндеттi күнтiзбелiк жарнасының жылдық мөлшерiнен аспауға тиiс.

Жарналардың мөлшері мен төлеу тәртібін ҚДКБҚ Директорлар кеңесі белгілейді



Ынтымақтастық

ҚДКБҚ – Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының қауымдастырылған мүшесі.

ҚДКБҚ – Депозиттерді сақтандыру жүйелері халықаралық қауымдастығы – IADI-дің мүшесі. Қор қауымдастық жұмысына белсене қатысады: халықаралық тәжірибелерді қабылдайды және ең үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, еліміздің депозиттерге кепілдік беру жүйесін дамытады.

IADI Халықаралық есеп айырысу банкі жанында орналасқан.


ҚДКБҚ Депозиттерді сақтандыру жүйелері халықаралық қауымдастығының екі марапатына ие.


  • «Депозиттерге кепілдік беру жүйесін жан-жақты дамыту саласында қол жеткізген жетістіктері үшін» (2013 жыл)
  • «Банктердің дәрменсіздігін реттеу және салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу саласында қол жеткізген жетістіктері үшін» (2015 жыл)