Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Шартты қалай оқу керек?

Банк салымы – ақшаңызды сақтаудың әрі арттырудың қарапайым да сенімді тәсілі. Ақшаңызды банкке салу үшін ең алдымен өзіңізге керекті салым түрін таңдап алыңыз.

Сізге ұсынылатын банк салымы шартында ақшаны сақтау мерзімі, оған сыйақы төлеу, салымды (ішінара немесе толығымен) қайтарып алу, үстінен қосымша ақша салу, салымның мерзімін одан әрі ұзарту және басқа да талаптар жазылған. Олардың кейбірі салымға қатысты жарнамада болмауы да мүмкін. Сондықтан салымның шартына қол қомай тұрып, оны мұқият оқып, зерделеп шығыңыз.


«Өзіңіз таңдаған банктің сайтын ашып, қажетті мәліметтерді оқыңыз. Әдетте банктер мұнда банк салымы шартының қалыпты үлгісін жариялайды. Осылайша Сіз банк бөлімшесінде немесе онлайн арқылы шарт жасаспастан бұрын, оның мәтінімен танысып шыға аласыз.»



Назар аударыңыз

ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕР

Банк салымы шартын оқу барысында, ең алдымен өзіңіздің және банк деректемелерін мұқият тексеріп шығыңыз. Төлқұжатыңыз бен байланыс телефоныңыздың, мекенжайыңыздың деректері дұрыс жазылуы тиіс. Есіңізде болсын, егер болашақта жоғарыда аталған деректер өзгеретін болса, бұл туралы банкке міндетті түрде хабарлауыңыз керек.

ПАЙЫЗДЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕНІҢ МӨЛШЕРІ

Банк әрине, пайыздық мөлшерлемелерін өз сайтында және жарнамалық өнімдерінде жариялап тұрады. Соған қарамастан бұл талаптардың шартта бар-жоғын тексеріңіз. Әдетте салымның мерзімі аяқталғанша оның сыйақы мөлшерлемесі өзгермейді. Банк сыйақы мөлшерін өзгерту туралы біржақты шешім қабылдауға құқылы емес. Алайда салымның мерзімін ұзарту барысында сыйақы мөлшерін арттыру немесе өзгерту жағдайы шартта жазылуы мүмкін. Бұл банк жарнамасында айтылмауы да ықтимал, бірақ шартта міндетті түрде көрсетіледі.

Мерзімді және жинақ салымдардың сыйақы мөлшерлемелері нақты белгіленген немесе құбылмалы болуы мүмкін.

Салымның мерзімі аяқталғанша төмендетілмейтін мөлшерлеме - нақты белгіленген сыйақы мөлшерлемесі деп аталады.

Шартта көзделген талаптарға сәйкес мөлшері өзгеріп отыратын сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы болып саналады.

Құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібі мен оны қолдану шарты Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен белгіленеді.

ПАЙЫЗДАРДЫ АЛУ ТӘРТІБІ

Сонымен қатар шартта салым бойынша сыйақы төлеу тәртібі қалай жазылғандығын тексеру қажет. Мысалы, салымшының талап етілмелі салым бойынша өзіне тиесілі сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқы бар.

Бұл жағдайда банк сыйақыны салымшының өз алдына бөлек банк шотына немесе карточкасына аударады. Бұл жерде төлем кезеңділігі шартта көрсетіледі.

Сыйақысы күн сайын, ай сайын немесе үш ай сайын есептеліп, капиталданып отыратын салымдар бар. Яғни, сыйақы сомасы салымшыға берілмейді. Керісінше салымның сомасына қосылып отырады. Келесі жолы өткен жолғы пайыздың есебінен ұлғайған салым сомасына есептеліп, қосылады. Бұл үдеріс салымның мерзімі аяқталғанша жалғасады.

Табыстылық тұрғысынан алып қарағанда капиталданатын салымдар өте тиімді салымдар. Мұндай салымның түпкі табыстылығы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – ЖТСМ ретінде белгіленеді. Егер пайыздарды алмайтын болсаңыз, салымыңызға осы сома есептеледі деген сөз. ЖТСМ-ды тауып, салыстыру оңай: банктер бұл көрсеткішті әдетте жарнамада және интернет бетінде депозиттерін сипаттағанда қолданады.

Кейбір салымшылар пайыздары бөлек шотқа немесе карточкаға түсіп отыратын салымдарды таңдайды. Капиталданбайтын салымның табыстылығы атаулы сыйақы мөлшерлемесі ретінде белгіленеді. Мысалы, егер Сізге пайызы ай сайын карточкаңызға түсіп отыратын салым керек болса, банк сайтынан атаулы сыйақы мөлшерлемесін іздеп табыңыз. Оны салым сомасына көбейтіп, 12-ге (айға) бөліңіз – әр айдың соңында Сіз осындай сомаға қол жеткізе аласыз.

ТОЛЫҚТЫРУ ЖӘНЕ АЛУ

Салымды толықтыру бойынша шектеулерге көңіл бөліңіз. Банк енді мұндай жағдай орын алуы мүмкіндігін алға тартуы ықтимал. Банктер салымға қосымша енгізілетін ақшаның ең төменгі немесе ең жоғары мөлшерін белгілеуі мемесе толықтыру мерзімін шектеуі, мысалы, алғашқы алты ай ішінде ғана толықтыруға болады деп көрсетуі мүмкін.

Салымнан мерзімінен бұрын ақша алған жағдайда сыйақы мөлшерлемесі азайтылуы мүмкіндігін ұмытпаңыз. Мысалы, егер салымшы жинақ салымын мерзімінен бұрын жабатын болса, сыйақы мөлшерлемесі талап етілмелі салым бойынша белгіленген мөлшерлеме (жылына 0,1 пайыздан көп емес) бойынша төленеді.

Бұдан басқа, кейбір банктер салымшылардан шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін комиссия алуы мүмкін. Осылайша, қолыңызға тиетін ақша жоспарлаған сомадан төмен болып қалуы ғажап емес.

Жалпы комиссия мен мүмкін болатын айыппұлдар туралы білу қажет. Олар банк салымы шартында міндетті түрде жазылады.


Сондай-ақ салымдарды түріне қарай кері қайтарып алу ерекшеліктеріне де көңіл бөлген жөн.

Салымшы талап еткен бойда банк оның салымын немесе салымының бір бөлігін қайтаруға міндетті. Талап етілмелі салым салымшыға талап етуіне қарай бірден беріледі. Мерзімді немесе жинақ салымды беру банк салымы шартында көзделген мерзім туындаған кезде жүзеге асырылады.


Салымшы мына салымдарды мерзімінен бұрын ала алады:


  • мерзімді салымды немесе оның бір бөлігін;
  • жинақ салымды. Мұндай салым салымшы талап еткен сәттен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң, толығымен беріледі. Жинақ салымның бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға жол берілмейді.
ҰЗАРТУ

Депозиттің жаңа мерзімге Сіздің қатысуыңызсыз автоматты түрде ұзартылу мүмкіндігіне көңіл бөліңіз. Ұзарту мүмкіндігі және тіпті қанша рет ұзартылатындығы, мысалы, бір, үш немесе бес ретке дейін ұзарту мүмкіндігі банк салымы шартында қарастырылған. Салымның мерзімі аяқталған соң, салымшы оны алмаса, банк салымның мерзімін қайта ұзартады.


Егер салымыңыздың ұзартылғанын қаламасаңыз, салым мерзімі аяқталатын күні банкке келіп, салымды жауып, ақшаңызды кассадан немесе басқа банкке аудару арқылы алуыңызға болады. Егер шартта автоматты түрде ұзарту көзделмесе, немесе депозит онсыз да жеткілікті ұзартылған болса, салым мерзімі аяқталған соң, банк ондағы ақшаны автоматты түрде ағымдағы шотқа аударады.


Салымды келесі мерзімге ұзарту барысында сыйақы мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін. Егер банк бұл сәтте осындай жаңа салымдарды жоғары немесе төмен пайызбен қабылдап жатса, онда Сіздің салымыңыздың сыйақысы да өзгереді.


Салымшыларға қажетті анықтамалар. Глоссарий

Банк салымы – салымшының банкке салатын ақшалай қаражаты. Банк салым бойынша сыйақы төлейді және заңнамалық актілер мен шартта көзделген талаптар мен тәртіпке сәйкес оны иесіне қайтару жөнінде өзіне міндеттеме алады.

Банк шоты – жеке немесе заңды тұлғаның шоты. Онда салынған ақшаның есебі мен қозғалысы, сондай-ақ банктің қызмет көрсетуі бойынша клиент (жеке немесе заңды тұлға) пен банк арасындағы шарттық қарым-қатынас көрініс табады.

Салымшы – банктегі салымына ақша салған немесе өз пайдасына депозит ашылған тұлға; банк салымы шартының бір тарабы.

Талап етілмелі салым – салымшы талап еткен бойда оған жартылай немесе толығымен қайтарылатын салым.

Жинақ салым – белгілі бір мерзімге ашылған салым. Егер салымшы жинақ салымын мерзімінен бұрын алатын болса, мұндай салымның сыйақысы талап етілмелі салым бойынша белгіленген мөлшерлеме бойынша (жылына 0,1 пайыздан жоғары емес) төленеді.

Мерзімді салым – белгілі бір мерзімге ашылған салым.

Төлем карточкасы – электронды төлем құралы. Ол карточка иесіне электрондық терминалдар және басқа да байланыс арналары арқылы төлемдер мен аударымдар жасауға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және осы карточканы шығарушы белгілеген және соның шарты бойынша жұмыс істейтін басқа да операцияларды орындауына мүмкіндік береді.