«Delta Bank» АҚ салымшыларына агент банк арқылы өтем төлеу жарты жылға ұзартылды

«Delta Bank» АҚ салымшыларына агент банк арқылы өтем төлеу жарты жылға ұзартылды

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі - Қор) «Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем төлейтін агент банк – «Банк ЦентрКредит» АҚ-пен арадағы келісімнің қолданылу мерзімін соңғы күнін қоса алғанда, 2021 жылдың 23 мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Тараптар тиісті келісімге қол қойды.

Көрсетілген мерзім ішінде «Delta Bank» АҚ салымшылары агент банкке жүгініп, кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті тікелей немесе сенім білдірілген тұлға арқылы ұсына алады. Жеке өзі келген жағдайда салымшының жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті, ал сенім артылған тұлға келетін болса, құқық белгілеуші құжаттарды ұсынады (мысалы, нотариус куәландырған сенімхат).

Атап өту керек, «Delta Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем агент банк арқылы 2018 жылдың 17 мамырынан бері төленіп келеді. Екі жылдан астам уақыттың ішінде жалпы сомасы 102,3 млн теңгеге өтем төленді. Бұл Қор міндеттемелерінің жалпы сомасының 51 пайызын құрайды. Барлығы 327 салымшы депозиттері бойынша өтем алды. Бұл «Delta Bank» АҚ салымшыларының жалпы санының 12 пайызына тең.

Агент банк арқылы белгіленген төлем мерзімі аяқталған соң, «Delta Bank» АҚ салымшылары тікелей Қорға, дәлірек оның Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы бөлішелеріне жүгіне алады. Елміздің басқа өңірлерінде тұратын салымшылар өтініштерін және нотариус куәландырған құжаттарын пошта арқылы жіберу мүмкіндігіне ие.

Бұл оларға қосымша шығын келтіретіні белгілі. Сондықтан Қор салымшыларға кепілдік берілген өтемді алу үшін Агент банктің бөлімшелеріне жүгінуді ұсынады. Ал бұл үшін алдын ала 505 нөмірі (ұялы телефон арқылы хабарласу тегін), 8 (727) 244 30 30 немесе www.bcc.kz. сайты арқылы банк бөлімшесінің жұмыс тәртібін анықтап алған жөн.

Еске саламыз, агент банк кепілдік берілген өтемді жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің шоттары, карточкалары және депозиттері бойынша төлейді.
Кепілдік мөлшері:

  • ұлттық валютадағы қаражаттар бойынша – 10 млн теңгеден;
  • шетел валютасында қаражаттар бойынша (банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша) – 5 млн теңгеден аспайды.
Салымшылар кепілдік берілген өтем алудың өздеріне ыңғайлы тәсілін: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен немесе өтініш берушінің банк шотына аудару арқылы алуды таңдауға құқылы. Бұл ретте банк деректемелері салымшының өтінішінде нақты көрсетіледі.

Депозиттер бойынша кепілдіктер және төлемдерді жүзеге асыру туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электронды поштасына жазу арқылы өтініш білдіре алады.