«Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына төленетін қосымша өтемдер туралы

«Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына төленетін қосымша өтемдер туралы

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшылары-жеке тұлғаларына қосымша өтемнің төленетіндігі туралы хабарлайды. «Валют-Транзит Банк» АҚ-дағы депозиті 700 мың теңгеден асқан әр салымшыға («Валют-Транзит Банк» АҚ банкрот болған кездегі ең жоғарғы сома) есептелген сыйақысыз, депозит қалдығы бойынша қосымша кепілдік берілген өтем төленеді. Кепілдік берілген өтем сомасы бір салымшыға 5 миллион теңгеден аспайды.

Салымшыларға қосымша төлем, Ақорда баспасөз қызметінің ресми хабарламасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен қарастырылған (ары қарай - Заң). Заңның мәтіні алғашқы баспасөзде ресми түрде жарияланғаннан соң 10 күнтізбелік күн өткеннен кейін күшіне енеді. 

Заң күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күн ішінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ  ҚДКБҚ сайтында «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына өтем жасайтын банк-агент туралы ақпарат жарияланатын болады.

5 миллион теңгеден асатын салым сомасының қалдығы және ол бойынша есептелген сыйақылар «Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы» ҚР Заңында қарастырылған кезек бойынша «Валют-Транзит Банк» АҚ-ның тарату комиссиясы арқылы төленетіндігін қосымша ескертеміз.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ депозиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде орналастырылған жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік береді, яғни жеке тұлғалардың барлық банктік шоттарындағы, оның ішінде төлем карталарын қолдануымен, ақшасының қайтарылуына кепілдік береді.

Заңнамаға сәйкес, ислам  банкін  қоспағанда,  уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргізуге берген лицензиясы бар барлық екінші  деңгейдегі банктер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады. 

Қысқаша анықтама

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ  (ҚДКБҚ) 1999 жылдың қараша айында құрылған, қордың негізгі міндеті – қаржы жүйесінің тұрақты болуына ықпал ету және екінші деңгейдегі банктер салымшыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады, оның құрылтайшысы - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі.

Қосымша ақпарат ҚДКБҚ www.kdif.kz ресми сайтында.  ҚДКБҚ мамандары 8 800 080 10 20 нөмірі арқылы (қалалық телефондардан қоңырау шалу тегін) немесе info@kdif.kz электронды поштасы арқылы кеңес ала аласыз.