Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімінің аяқталатыны және талап етілмеген соманың БЖЗҚ-ға аударылатыны туралы

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы (бұдан әрі – Қор) таратылатын 9 банк бойынша кепілдік берілген өтемді төлеу жайында сұхбат берді. Әділ Өтембаев жиі қойылатын сұрақтарға жауап бере отырып, қазіргі уақытта салымшыларға кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамының төленгенін, мұның шамамен 113,1 млрд теңгені құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасын БЖЗҚ-ға аудару тәртібін түсіндірді.

   

– Таратылатын банктер бойынша төлем мерзімі қандай?


Таратылатын 8 банк бойынша төлемдерді соңғы күнін қоса алғанда осы жылдың 1 мамырына дейін алуға болады. Бұл 8 банктің: «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшыларына қатысты.


«Capital Bank Kazakhstan» АҚ лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан ол бойынша төлем мерзімі басқа. Яғни, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары үшін соңғы төлем күні – соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесі.


– Талап етілмеген сомалардың тағдыры 2022 жылдың 1 мамырынан кейін не болады? 


– Жоғарыда атап көрсетілген, таратылу үдерісіндегі 8 банктің салымшылары талап етпеген өтем сомалары, төлем мерзімі аяқталған соң (2022 жылдың 1 мамыры) олардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарнасы ретінде аударылады.

    

Аталған банктердің салымшылары талап етпеген өтем сомалары төлем мерзімі аяқталған соң, яғни 2022 жылдың 1 мамырынан кейін БЖЗҚ-ға күнтізбелік 30 күн ішінде аударылады. 

 

– Талап етілмеген өтем сомасын БЖЗҚ-ға аудару үшін салымшының рұқсаты керек пе?


– Жоқ, керек емес. Талап етілмеген өтем сомасын БЖЗҚ-ға аудару «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейлі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңында көзделген.


– Кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасын БЖЗҚ-ға аудару үшін комиссия кепілдік сомасынан алына ма?


– БЖЗҚ-ға аударылатын өтем сомасы үшін салымшылардан қандай да бір комиссия алу қарастырылмаған.


– Талап етілмеген өтем сомасына салық салына ма?


– Талап етілмеген өтем сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарнасы болып табылады және (есептелетін инвестициялық табысты қоспағанда) салық салудан босатылады. 


– Егер БЖЗҚ-да салымшының шоты жоқ болса, ақша қайда түседі?


– Егер таратылатын банк салымшысының БЖЗҚ-да шоты жоқ болса, ол автоматты түрде ашылады. Бұл үшін БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ.   


– Талап етілмеген өтем сомасын БЖЗҚ-ға аудару үшін жеке зейнетақы шотын ашу жеткілікті ме?


– Талап етілмеген өтем сомасы салымшының атына ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына:


  • салымшының дербес деректері БЖЗҚ-дағы мәліметтерге сәйкес келгенде, сондай-ақ салымшының жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаты болған жағдайда;

  • салымшының БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары мен (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар жеке зейнетақы шоты болған жағдайларда аударылады.


– Таратылатын банктегі ақшасы БЖЗҚ-ға аударылмас үшін салымшы не істеуі керек?


– Бұл үшін салымшы кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті Қорға немесе агент банкке уақытында (төлем мерзімі аяқталғанға дейін) беруі қажет.


Қорға өтініш Төлемдердің электрондық порталы арқылы онлайн түрінде беріледі. Мұндай тәсіл тек шоттардың, карточкалардың және салымдардың иелеріне ғана қолжетімді. Бұл ретте салымшылар мен олардың заңды өкілдері (сенім білдірілген тұлғалары, мұрагерлері және өзге де құқық иеленушілері) өтем алу үшін жазбаша өтінішпен тиісті агент банктердің бөлімшелеріне жүгіне алады. Кепілдік берілген өтемді төлеуді жүзеге асыратын агент банктердің бөлімшелерінің тізімін агент банктердің сайтынан көруге болады.  


«Валют-Транзит Банк» АҚ салымшылары өтем алу үшін Қорға немесе банктің тарату комиссиясына мына мекен-жай бойынша жүгінеді: Қарағанды қ., Бұхар жырау даңғ., 51/4.


«Қазинвестбанк» АҚ және «Эксимбанк Қазақстан» АҚ салымшылары Қорға өтініштерін онлайн бере алады. Ал олардың сенімхат бойынша өкілдері, мұрагерлері және өзге де құқық иеленушілері Қорға тек жазбаша өтінішпен жүгіне алады.


– Өтінішті онлайн беру рәсімі қандай?


– Салымшы онлайн-өтініш беруі үшін Қор сайтына кіріп, арнаулы порталға өтуі керек немесе оған мына сілтеме бойынша кіруге болады: https://clients.kdif.kz. Авторлану үшін өзекті электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) енгізіп, әрі қарай бейне-тексеру (биометриялық сәйкестендіру) немесе SMS-код арқылы анықтап тану рәсімінен өту қажет. Бұдан кейін төленуге жататын соманы таңдап, өзіңізге тиесілі банк деректемелерін толтырып, ЭЦҚ-ның көмегімен өтінішке қол қойыңыз. Салымшының бір емес, бірнеше банкте депозиттері болған жағдайда, олар бойынша төленуі тиіс өтем сомаларын бір ғана өтінішпен ала алады. Растаушы құжаттар тек салымшының сәйкестендіруші деректері өзгерген жағдайда жүктеледі. Кепілдік берілген өтем қолма-қол ақшасыз салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде аударылады. Толыққанды нұсқаулық пен видеороликтер Қор сайтында орналастырылған.


– Егер салымшының талап етпеген кепілдік берілген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылуға жатпайтын болса, салымшы төлем мерзімі өткен соң өтем сомасын алуға жүгіне ала ма?


– Төлем мерзімі аяқталған соң, көзделген мерзім ішінде кепілді өтемді төлеуге өтініш беруге кедергі келтірген нақты мән-жайлардың бірі болған жағдайда салымшы кепілдік берілген өтемді алуға құқылы. Мұндай мән-жайларға (дәлелді себептерге): депозитордың әскери қызметке кіруі, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуы, салымшының мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер, салымшының бас бостандығынан айыру орындарында болуы және сот анықтаған өзге де мән-жайлар жатады. Бұл тізім заң тұрғысында бекітілген.


Талап етілмеген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылып қойылса да, салымшы өзіне тиесілі өтем сомасын алу үшін дәлелді себептерді негізге ала отырып, Қорға жазбаша өтінішпен жүгіне алады.


– Егер төлем мерзімі аяқталған болса, бірақ дәлелді себептері бар салымшы өтінішімен қайда жүгінеді? 


– Салымшы кепілдік берілген өтемді төлеуге өтінішті көзделген мерзім ішінде кепілді өтемді төлеуге өтініш беруге кедергі келтірген нақты мән-жайлардың бірін растаушы құжатты ұсына отырып, жазбаша түрде береді.


Кепілді өтемді төлеуге өтініш банкті мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген (толығымен таратылған) күнге дейін немесе кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылған жағдайда ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы басталғанға дейін берілуі мүмкін.


– Төлем мерзімі аяқталған соң кепілдік берілген өтемді алу туралы өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?


– Қор өтінішті растаушы құжаттар түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды.



БАҚ өкілдері толық ақпаратты +7 (777) 790-01-00 телефоны

арқылы ала алады

e-mail: info@kdif.kz

www.kdif.kz