Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ кепілдіктерінің нысандары: нені білу керек және бұл қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда депозиттік базаның өсуі халықтың жинақ ақшаларын сақтау құралы ретінде банк салымдарына басымдық беретіндігін көрсетеді. Осы инвестициялау құралы отандық салымшылар үшін несімен тартымды? Жауап: табыстылығы едәуір жоғары және бұған қоса Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдіктерімен қорғалған.


Бұл мақалада ҚДКБҚ қандай қаржы құралдарына кепілдік беретіндігі және тәуекелдерден қорғанып, жинақ ақша үшін уайымдамас үшін салымда қандай соманы сақтау керектігі туралы айтылады.


Сонымен жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылуы мүмкін шетелдік банктердің филиалдарындағы шоттарда ұлттық және шетел валютасында жатқан қаражаттары ҚДКБҚ-ның кепілдік беру нысандары болып табылады. 2023 жылдың ақпан айының басына қарай – бұл ислам банктерін қоспағанда, өз қарамағында депозиттік өнімдері бар барлық екінші деңгейдегі банктер. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізбесімен осында танысып шығуға болады.


Сәйкесінше банк шотын немесе банк салымын ашу жөніндегі шарт жасалған сәттен бастап, ҚДКБҚ кепілдіктері қолданылады. Яғни сол ашылған салымдардың барлық түрлеріне және олар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыларға кепілдік беріледі. Сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларында жатқан ақшалар да ҚДКБҚ қорғауына алынған. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда максималды сома шегінде кепілдік берілген өтемді ала алатыныңызды ұмытпаңыз. Кепілді өтем ұлттық валютадағы жинақ слымдар бойынша – 20 млн теңгені, ұлттық валютадағы өзге салымдар, шоттар, карточкалар бойынша – 10 млн теңгені, сондай-ақ шетел валютасындағы салымдар, шоттар және карточкалар бойынша – 5 млн теңгені (банк лицензиясынан айырылған күнге бекітілген валюта айырбастау бағамы бойынша) құрайды.  


Егер өзіңіз таңдаған банкте түрі мен валютасына қарай бірнеше депозитіңіз (салымыңыз) болса, барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдық сомаға кепілдік беріледі. Бірақ ол 20 млн теңгеден аспайды. Бұл ретте әрбір депозит түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомалар ескеріледі. Депозитіңіз бойынша кепілдік берілген максималды соманы банкте банк шоты немесе банк салымы шартын жасасу барысында нақтылап алу қажет. ҚДКБҚ салымды кепілдік берілген максималды сомадан асырмауға кеңес береді. Егер ақшаңыз одан асып кететін болса, басқа банкте қосымша депозит ашқан жөн. Осылайша сіз өзіңізді тәуекелдерден қорғайсыз. Өйткені депозиттер бір емес, бірнеше банкте ашылған жағдайда кепілдік әрбір қатысушы банк бойынша жеке-жеке беріледі.


Ал егер банк лицензиясынан айырылып, ол аздай депозиттегі ақша кепілдік берілген максималды сомадан асатын болса, онда сол артық ақшаны «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңымен бекітілген кезектілік тәртібі бойынша банктің тарату комиссиясынан алуға болады. Атап өту керек, тарату комиссиясын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды.


Қорытындылай келе, ҚДКБҚ кепілдіктері қолданылмайтын қаржы құралдарын атап өткіміз келеді:


•          жеке тұлғалардың металл шоттары;

•          банк ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттар;

•          депозиттік сертификаттар;

•          заңды тұлғалардың депозиттері;

•          ислам банктерінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналастырылған депозиттер.


Депозитерге кепілдік беру туралы қосымша ақпаратты ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан білуге болады немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Telegram-чатына жолдауға не болмаса 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік бар.