Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Депозиттер бойынша өтемақы төлеу қағидалары туралы

Қазақстанда 2022 жылдың 12 қыркүйегінде жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша 10%-дық өтемақы (сыйлықақы) төлеу Қағидалары қолданысқа енгізілді. Құжат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бекітілген.


Өтемақы төлеу Қағидаларын әзірлеуші ​​Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі болып табылады.


Бекітілген нормаларға сәйкес, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және «Қазақстанның тұрақты даму қоры» АҚ депозиттер туралы ақпарат негізінде депозиттер бойынша сыйлықақы сомасын белгіленген тәртіппен екінші деңгейдегі банктерге аударады. Өтелуге жататын депозиттер туралы ақпаратты банктер Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына бақылау жүргізу мақсатында ұсынады.


Қор депозиттер бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлемейтінін ескереміз. Салымшыға төлемді салымшының Қағидалар талаптарына сәйкес келетін депозиті бар банк жүргізеді.


Өтемақы ҚР «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңында айқындалған жинақтаушы, мерзімді, оқу, жинақ ақша салымдары және ҚР «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» Заңына сәйкес тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша төленеді. Көрсетілген салымдар Қағидаларда анықталған шарттарға сәйкес келуі керек.


Салымшы өтемақы алуға келісімін 2023 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей өтініш беру арқылы растауы қажет. Салымшының келісімін алуға өтініш беру тәртібі мен тәсілін банктер дербес түрде айқындайды.


Төлем шарттарына, тәртібі мен мерзіміне қатысты сұрақтар туындаса, салымшыларға депозиттері бар банктерге немесе Қағидаларды әзірлеушіге хабарласу ұсынылады. Қағидаларға сәйкес банктер өз салымшыларын бонус алу мүмкіндігі және келісім беру қажеттілігі туралы хабардар ететінін ескертеміз.