Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстанда ТМД елдерінің ішінде депозиттерге ең жоғары кепілдік беріледі. ҚДКБҚ - ның басшысымен сұхбат

ҚДКБҚ таратылған тоғыз банктің салымшыларына 114,3 млрд теңгеден астам төлем жасады

 

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры бірнеше жыл ішінде лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына төлем жасау процесін реформалады. Енді қазақстандықтар сот шешімін күтпей, банктердің лицензиясынан айырылған күннен бастап 6-8 жұмыс күні ішінде төлемдерді ала алады. Таратылған банктердегі талап етілмеген сомалар қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы шоттарына аударылады. ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев қордың соңғы жаңалықтары мен ағымдағы жұмысы туралы айтып берді.

 

– Әділ Нұрланұлы, таратылған банктердің салымшыларына кепілдік өтемақы төлеуді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жүзеге асыратыны баршамызға белгілі. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.


- Біздің жүйеге қатысушы екінші деңгейлі банктерде салымшылар ашқан барлық депозиттерге банк шоты немесе депозит шарты жасалған сәттен бастап кепілдік беріледі. Яғни, қазақстандықтардың депозиттері заңмен белгіленген кепілдік өтемақының шекті мөлшері шегінде ҚДКБҚ арқылы қорғалады. Банк барлық банктік операцияларды жүргізуге лицензиядан айырылған жағдайда, Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы Заңға сәйкес ҚДКБҚ банк салымшыларына кепілдік өтемақы төлеу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 9 таратылған банк бар: «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк», Delta Bank, Qazaq Banki, «Эксимбанк Қазақстан», «Астана Банкі», Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan. Алғашқы төлемдер 2007 жылы басталып, одан кейінгі уақытта ҚДКБҚ осы банктердің салымшыларына қаражаттарын қайтару бойынша өзінің негізгі қызметерін орындап келді.


– Елімізде таратылған барлық тоғыз банк бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін қандай сандық көрсеткіштер туралы айтуға болады? ҚДКБҚ осы банктердің салымшыларына барлығы қанша төледі?


– Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, 2021 жылдың 1 мамырынан кепілдік өтемақыны төлеу төлемдер басталған күннен бастап бір жыл ішінде жүзеге асырылады. Осылайша, төлемі 2021 жылдың 3 шілдесінде басталған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары 2022 жылдың 3 шілдесін қоса алғанда кепілдік өтемақыларын ала алды, ал көрсетілген заңнамалық өзгерістерге дейін ҚДКБҚ төлемдерін жүргізіп үлгерген қалған 8 банктің салымшыларына 2022 жылдың 1 мамырына дейін ақшаларын алуға қосымша мүмкіндік берілді. Осылайша, бүгінгі күні таратылу үдерісіндегі барлық банктер үшін кепілдік өтемақы төлеу мерзімі аяқталды. Төлемдердің аяқталу күніндегі жағдай бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры таратылған тоғыз банктің салымшыларына 114,3 млрд теңгеден астам соманы төледі, бұл ҚДКБҚ-дың жалпы міндеттемелерінің 99%-дан астамын құрады. 419 мыңға жуық салымшы өз қаражатын алды. Бұл ретте, тәжірибе көрсеткендей, таратылатын банктердің салымшылары негізінен төлемдердің алғашқы айларында кепілдік сомасын алуға өтініш берген.


- Төлемнің ең аз және ең көп сомасы қандай?


- Кепілдік өтемақының сомасын есептеуді әрбір банктің уақытша әкімшілігі немесе тарату комиссиясы жүзеге асырады және ол сақтандыру жағдайы басталған күнге депозиттің әрбір түрі үшін белгіленген кепілдік өтемақының ең жоғары мөлшеріне, сондай-ақ салымшының банк алдындағы басқа міндеттемелеріне, мысалы, несиесінің болуына байланысты болады. Осылайша, төлемдердің барлық кезеңі үшін төлемнің ең төменгі мөлшері 1 теңгеден аз болса, ал ең жоғарысы - 15 миллион теңгені құрады.


- Салымшылар талап етпеген кепілдік өтемақы сомаларына не болды?


- Талап етілмеген сомалар Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы Заңға сәйкес, кепілдік өтемақы сомасын төлеу мерзімі ішінде салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына олардың ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылды. Талап етілмеген соманы аудару дербес деректері БЖЗҚ-да бар ақпаратқа сәйкес келетін салымшылар үшін жүзеге асырылды. Сондай-ақ салымшының жеке басын куәландыратын құжаты және жинақталған зейнетақы қаражаты бар жеке зейнетақы шоты болуы қажет болды.


– Төлем мерзімі аяқталғаннан кейін салымшылар кепілдік өтемақысын ала ала ма? Ол үшін не істеуі керек?


- Төлем мерзімі аралығында талап етілмеген қаражаттары дәлелді себептермен ала алмаған, оның ішінде қаражаты БЖЗҚ-ға аударылған салымшылар ала алады. Заңнамаға сәйкес, дәлелді себептер тізбесіне салымшының төлем мерзімі ішінде өтініш беруіне кедергі келтірген келесі жағдайлар кіреді: әскери қызметке тұруы, Қазақстаннан тыс жерде немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы, мұраны қабылдау, осыған байланысты басқа да себептер, мұраны алу немесе ашу туралы және сот белгілеген басқа да мән-жайлар. Әрбір банк бойынша тарату үдерісі аяқталғанға дейін немесе салымшы қаражаты БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне құқығын жүзеге асырғанға дейін дәлелді себептермен ҚДКБҚ-ға төлем жасау үшін өтініш бере алады. Салымшы өзімен бірге дәлелді себепті растайтын құжаттарды әкелуі және белгіленген нысан бойынша өтінішті толтыруы қажет. Өтініштегі қолды нотариалды куәландыра отырып, құжаттарды қордың пошталық мекен-жайына жіберуге де болады.


- Қорытындылай келе, ҚДКБҚ өз қызметінде қандай қиындықтарға тап болғанын айта аласыз ба? Қазақстанда соңғы жылдары депозиттерге кепілдік беру жүйесі қалай өзгерді?


– Ұзақ уақыт бойы әрбір таратылатын банктің салымшыларына төлемді ұйымдастыру бойынша тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп, оларды жүзеге асыру барысында қиындықтар туындады. Мысал ретінде депозиттерге кепілдік беру жүйесі үшін күрделі сынақ болған «Qazaq Banki» АҚ мен «Астана Банкі» АҚ бойынша 2018 жылғы сақтандыру оқиғаларын келтірейін. Бұл банктерде 280 мыңнан астам салымшының депозиті болған, банктерді тарату туралы сот шешімдерінің заңды күшіне енуін күткендіктен, салымшылар бес айдан астам уақыт бойы өз ақшаларына қол жеткізе алмады. Төлемдердің ұзақ күту уақытын жою және салымшыларының мүдделерін қорғау үшін ҚДКБҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды, оған сәйкес, 2020 жылдан банк лицензиясынан айырған күннен бастап кепілдік өтемақы төлеу 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады, әрі банкті тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күнге байланысты болмайды. Осылайша, аталған мерзімнен бастап ҚДКБҚ салымшыларға ақшаларын рекордтық мерзімде – банктердің лицензиялары қайтарылған күннен бастап 6-8 жұмыс күні ішінде алу мүмкіндігін береді. Төлемді жедел ұйымдастыру банктің уақытша әкімшілігінің уәкілетті органмен бірлесіп қысқа мерзімде қабылдаған P&A жүргізбеу туралы шешімінің арқасында мүмкін болды (заң бойынша бұл шешімге 20 жұмыс күні беріледі). Бұл ретте азғантай қалдығы бар «ұйқыдағы» шоттардың көп болуын және салымшылардың оларды алуға өтініш беруге енжар қарауын ескере отырып, ҚДКБҚ кепілдік өтемақы төлеу тәртібін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізді. 2021 жылдың 1 мамырынан бастап төлем мерзімін бір жыл аралығына белгілеу және көрсетілген мерзім ішінде талап етілмеген кепілдік өтемақы сомасын салымшылардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарына аудару бөлігінде төлем тәртібі өзгерді. Осылайша, барлық таратылған тоғыз банк бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін ҚДКБҚ талап етілмеген 830,5 миллион теңге көлеміндегі қаражатты БЖЗҚ-ға аударды. Сонымен бірге, БЖЗҚ-дағы бұл сомалар салық салуға жатпайды, сонымен қатар инвестицияланады және салымшыларға қосымша табыс әкеледі.


Сонымен қатар, ҚДКБҚ сыртқы сын-қатерлер мен ішкі экономикалық факторларға жауап ретінде қазақстандықтардың депозиттерін барынша қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік көлемін 2003 жылдан бастап 5 есеге арттырды. Мәселен, 2003 жылы теңгедегі депозиттер бойынша кепілдік өтемақы сомасы 400 мың теңге болса, бүгінде ол 10 миллион теңгеге жетіп отыр. Ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап қазақстандықтардың ұзақ мерзімді депозиттерінің сақталуын арттыру мақсатында теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдік мөлшері 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ оқиға болған жағдай - Валют-Транзит Банкінің салымшылары үшін кепілдікті 700 мыңнан 5 миллионға дейін арттыру болды. Естеріңізге сала кетейін, ҚДКБҚ 2007 жылдан бері осы банктің салымшыларына 700 мың теңге (бұл 2007 жылғы заңнама бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасы) депозиттері бойынша өтемақы төледі. Алайда, Валют-Транзит Банк салымшыларының әлеуметтік шиеленісі мен алаңдаушылығын ескере отырып, ҚДКБҚ банк салымшыларына 5 миллион теңгеге дейін кепілдік төлеп, қосымша есептеулер жүргізді. Айта кетерлігі, Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру мөлшері ТМД-ның басқа елдері арасында ең жоғарылардың бірі болып табылады. Кепілдік мөлшерінің жан басына шаққандағы ЖІӨ-ге қатынасын қарастыратын болсақ, онда теңгедегі жинақ салымдары бойынша ол жан басына шаққандағы ЖІӨ-ден 4,6 есеге, ал ұлттық валютадағы депозиттердің басқа түрлері бойынша 2 еседен асады. Бұл ретте, халықаралық ұсыныстарға сәйкес кепілдік мөлшері жан басына шаққандағы 1-2 ЖІӨ шегінде болуы керек екенін айтқан жөн. ҚДКБҚ азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін сақтау мақсатында үздік халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, бұдан әрі де депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдіруді жалғастыруға ниетті.