Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Агент банк «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына өтем төлеуді жалғастырады

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі - ҚДКБҚ, Қор) Банк ВТБ (Қазақстан) Акционерлік қоғамы еншілес ұйымымен (бұдан әрі – Агент банк) жасалған келісімді тағы алты айға ұзарту туралы шешім қабылдады. Осылайша «Qazaq Banki» АҚ салымшылары кепілдік берілген өтемді алу үшін осы Агент банкке 2020 жылдың 24 желтоқсанына дейін жүгіне алады. Еске саламыз, «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына өтем төлеу 2018 жылдың 24 желтоқсанынан бері жалғасып келеді. Салымшылардың барлығы бірдей өтем алуға өтініш бермегендіктен, Агент банк арқылы өтем төлеу мерзімі 2020 жылдың 24 маусымына дейін әлденеше рет ұзартылды.


Өткен бір жарым жыл ішінде Агент банк «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына Қордың атынан және есебінен 20,3 млрд теңге көлемінде өтем төледі. Бұл төленуге міндеттелген жалпы соманың 99 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта «Qazaq Banki» АҚ-тың кепілдік берілген өтемді әлі алмаған салымшылары алдындағы өтелмеген міндеттеме - 218 млн теңге. Өтемді барлығы 5 871 салымшы алды. Бұл банктің барлық салымшыларының 33 пайызына тең. Осыған байланысты Қор Агент банкпен арадағы келісімді тағы алты айға ұзартуды ұйғарды.


Қор кепілдік берілген өтем алуға әлі өтініш бермеген «Qazaq Banki» АҚ салымшыларын келісім мерзімі аяқталғанға дейін агент банктің кеңсесіне баруға шақырады. Агент банктің филиалдары мен бөлімшелерінің тізімін www.vtb-bank.kz сайтынан көруге болады. Сондай-ақ филиалдар мен бөлімшелердің жұмыс уақыты туралы ақпаратты анықтама қызметінің 5050 (ұялы телефон арқылы тегін) қысқа нөмірі бойынша алуға мүмкіндік бар.


Атап өту керек, «Qazaq Banki» АҚ-та шоттары, төлем карточкалары және депозиттері бар салымшылар (жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер) кепілдік берілген өтем алуға құқылы. Теңгелік депозиттер бойынша (салымдар, ағымдағы шоттар және төлем карточкаларын қосқанда) ең жоғары төлем сомасы ­– 10 миллион теңге; шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге. Бір салымшының «Qazaq Banki»-нде теңгеде және шетел валютасында орналасқан депозиттері бойынша төленетін жиынтық шекті сома – 15 миллион теңге. Бұл жерде шетел валютасындағы депозиттер бойынша төленетін сома – валюта баламасында 5 миллион теңгеден аспайды.


Кепілдік берілген өтем касса арқылы төленеді немесе өтініш берушінің өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылады.


Барлық төлемдер тек теңгеде жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы салымдар бойынша өтем сомасы банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні – 2018 жылдың 12 желтоқсанына қарай қалыптасқан валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша есептеледі.


Төлем сомасын есептеуге байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, салымшылар «Qazaq Banki» АҚ тарату комиссиясына мына мекенжайлар бойынша жүгінулері қажет:

  • Алматы қ., Төлебаев көшесі, 38/61, «Жетісу» БО, 4 қабат (Мақатаев көш. бұрышы), телефон: +7 (727) 380 39 51;
  • Нұр-Сұлтан қ., Алматы ауданы, Иманов көшесі, 11, «Нұрсәулет» БО, телефон: +7 (717) 291 92 60.

Депозиттер бойынша кепілдік беру мәселелері, өтем төлеу тәртібі бойынша «Qazaq Banki» АҚ салымшылары Қордың байланыс орталығына 1460 тегін қысқа нөміріне хабарласып, info@kdif.kz электрондық поштасы, www.kdif.kz сайты немесе @kdif_ask Телеграм-чаты арқылы сауал жолдай алады.


Ескертеміз, 2020 жылдың 24 желтоқсанынан кейін банк салымшылары тікелей Қорға өтініш берулері қажет.