Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі - қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігі

Қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етудегі депозиттерді сақтандыру жөніндегі ұйымның рөлі Әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде атап өтілді. 2008 жылдың күзінде халықаралық кредиттік нарықтар, атап айтқанда қысқа мерзімді нарықтар іс жүзінде тоқтатылды. Көптеген банктер мен банк холдингтеріне ақылға қонымды мөлшерлеме бойынша қарызды ұзарту/қайта қаржыландыру қиынға түсті. Әлемнің көптеген елдерінде ахуалдың нашарлауымен байланысты, Үлкен жетілік елдерінің қаржы министрлері өтімділікті қолдау, капиталды күшейту және нарықтық тұрақтылықты сақтау жоспарын жариялады. Нәтижесінде, көптеген дамыған елдер депозиттер бойынша кепілдікті кеңейтуді қолданды .

2008 жылғы дағдарысқа дейін көптеген жылдар бойы бүкіл әлемде депозиттер бойынша кепілдік мөлшері жан басына шаққанда 1-2 ЖІӨ шегінде болуы тиіс деп саналды. Халықтың жан басына шаққандағы бір ЖІӨ-ден төмен кепілдік мөлшері жеткіліксіз деп есептелді. Кепілдік берудің осындай деңгейінде банк таратылған кезде салымшылардың залалы тым жоғары болар еді деп есептелді, сондықтан салымшылар кепілдіктің болуына қарамастан өздерін қорғалмаған сезінеді. Халықтың жан басына шаққандағы екі ЖІӨ-ден артық кепілдік мөлшері, керісінше, тым жомарт болып саналды. Бұл әділетсіздік тәуекелін тудыруы мүмкін (moral hazard), яғни несие андеррайтингіндегі банк менеджерлерінің елеулі тәуекелдік мінез-құлқын тудыруы мүмкін деп есептелді.

2008 жылдың күзінде көптеген елдерде депозиттер бойынша кепілдік мөлшері ЖІӨ-ге қарамастан арттырылды. Бұл шаралар сәтті, әрі орынды болып шықты. Кепілдіктің артуы елеулі тәуекелдік мінез-құлықты тудырып қана қоймай, дағдарыстың одан әрі өрістетілуін және банктердің күйреуін тоқтатып, сондай-ақ банк жүйесін тұтастай тұрақтандырды . Осылайша, жан басына шаққандағы ЖІӨ-ге кепілдік мөлшерінің екі есе қатынасы тұжырымдамасы кенеттен ескіріп, қолданылмай қалды. Еуропалық елдерде кепілдік лимиті 4,8–ге дейін, ал АҚШ-та - жан басына шаққанда 5,6 ЖІӨ-ге дейін көтерілді. Азияда кепілдік жан басына шаққанда шамамен 26 ЖІӨ-ге дейін өсті. Түрлі елдерде кепілдік мөлшерінің жалпы өсуі 75-тен 400 пайызға дейін өзгерді . Кейбір елдерде, мысалы, Австрия, Дания, Германия, Венгрия, Исландия, Ирландия, Сингапур, Словакия, Словения елдерінде депозиттер бойынша уақытша шектеусіз кепілдік енгізілді. Басқа елдерде, мысалы, Австралияда, Жаңа Зеландияда депозиттер бойынша кепілдік 2008 жылғы дағдарысқа дейін мүлдем болмаған . Қазақстанда 2008 жылы халықтың депозиттері бойынша кепілдік мөлшері 700 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін артты.

Халықаралық деңгейде депозиттерді сақтандыру жөніндегі ұйым қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүйесіне қосылды. Кепілдік лимитін ұлғайтудан басқа қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде депозиттерге кепілдік беру жүйесінің рөлін кеңейту төлем процесін жетілдіруді, халықтың депозиттер бойынша кепілдік туралы хабардар болу деңгейін арттыруды, ақпарат алмасуды және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүйесінің басқа да қатысушыларымен үйлестіруді кеңейтуді қамтыды. 2008 жылғы дағдарыс салдарынан депозиттерді сақтандыру жөніндегі ұйымдардың мандаттары өзгерістерге ұшырады. Көптеген депозит сақтандырушылар pay box шеңберінен шығып (депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемді төлеу), проблемалық банктерді тарату, қадағалау немесе реттеу бойынша міндеттерді өзіне алды. 2018 жылғы IADI сауалнамасына сәйкес, бүкіл әлемдегі депозиттерді сақтандыру ұйымдарының 31%-ы (сұралғандардың 135–і) «pay box» мандатымен, 40%-ы – «pay box plus» мандатымен (кейбір қосымша функциялармен кепілдіктерді төлеу), қалғандары -шығындарды немесе тәуекелді азайту бойынша мандатпен берілген, бұл тәуекелдерді бағалау мен проблемалық банктердің қарарын қамтиды.

Бүгінгі күні депозиттерді сақтандыру жөніндегі ұйым қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету функциялары бір мекемеде шоғырлануы немесе бірнеше агенттіктер арасында бөлінуі мүмкін. IADI-ге сәйкес , әдетте қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жүйесіне Орталық банк, банктерді қадағалау органы, банктерді реттеу (резолюция) жөніндегі орган, депозиттерді сақтандыру жөніндегі ұйым, Қаржы министрлігі/Қазынашылық кіреді. Депозиттерді сақтандыру жөніндегі ұйымның мандаты оның қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін айқындайды. Мысалы, АҚШ-тың депозиттерін сақтандыру жөніндегі Федералдық корпорациясы (FDIC) risk-minimizer мандатына ие және банктерді қадағалау, реттеу, тарату және кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі функцияларды өзіне алды. ЕО-та Банк одағы аясында бұл функциялар Бірыңғай қадағалау механизмі, Бірыңғай резолюция механизмі және Депозиттерді сақтандырудың Еуропалық жүйесі арасында бөлінген. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі - ҚДКБҚ) pay box plus мандаты шеңберінде жұмыс істейді, яғни ҚДКБҚ өкілеттігіне жеке тұлғалар қатарынан мәжбүрлеп таратылған банктердің салымшыларына кепілдік берілген сома шегінде өтем төлеу кіреді. 

Банк жүйесінің тұрақтылығы оның барлық қатысушыларына байланысты келеді. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі депозиттерге кепілдік беру жүйесінің рөлі халықтың банк жүйесіне деген сенімін қолдау болып табылады. Депозиттерге кепілдік беру жүйесі салымшылардың өз қаражаты қорғалатынына және банк лицензиядан айырылған жағдайда жоғалмайтынына сенімділікті қамтамасыз етеді. Депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйесінің болуы салымшылардың банктің қызметі туралы расталмаған кез келген теріс ақпарат пайда болған кезде үрейленуге және өз қаражатын банктен жаппай алуға аз ықтималдығы бар екенін білдіреді.

ҚДКБҚ құрылған сәттен бастап сегіз таратылған банктердің салымшыларына төлем жасады, оның бір бөлігі бойынша төлемдер әлі де жалғасуда (оның ішінде «Астана Банкі» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ). 2019 жылғы 17 мамырдағы жағдай бойынша Қор жалпы сомасы 75,7 млрд. теңгеден асатын 122,2 мың салымшыға немесе төлеуге жататын жалпы соманың 97,5% кепілдік берілген өтемді төледі. Жоғарыда аталған барлық салымшылар Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі болмаған жағдайда өз жинақтарын қайтармай, қаржы жүйесін ғана емес, тұтастай елдегі экономикалық жағдайды да тұрақсыздандыруы мүмкін болды.

Объективті түрде, депозиттерге кепілдік беру жүйесі, ең алдымен, халықтың қаржы саласында жеткілікті білімі мен дағдысы жоқ және өз жинақтарын банкте орналастыру кезінде тәуекелдерді нақты бағалай алмайтын бөлігінің мүдделерін қорғауға бағытталған. Әлемдік тәжірибе барысында депозиттер бойынша кепілдіктің бірыңғай эталондық мөлшері жоқ екені көрсетіледі. IADI кепілдіктің мөлшерінен артық депозиттердің елеулі көлемін сақтай отырып, салымшылардың ең көп санын қорғауға мүмкіндік беретін деңгейде кепілдік орнатуды ұсынады. 2008 жылы ЕО және АҚШ-та кепілдік мөлшерін арттыру осы елдер үшін тиісінше салымшылардың 98% және 99,8% және депозиттер көлемінің 60% және 78% тиісінше кепілдікке толық көлемде түскен . 2018 жылғы IADI сауалнамасына сәйкес, Канадада 97% шоттар, Үндістанда 91,5% шоттар, Жапонияда 98,6% шоттар, Мексикада 99,9% шоттар, Ресейде 99,7% шоттар және АҚШ-та 99% шоттар кепілдікке ие болды.

ҚДКБҚ кепілдігі жеке тұлғалардың 100% шоттарына қолданылады. Олардың 99,8%-ы толық көлемде кепілдік беріледі, яғни осы шоттардағы сома ҚДКБҚ кепілдігінің ең жоғары мөлшерінен аспайды. Ақпараттың асимметрия мәселесі, атап айтқанда, әділетсіздік тәуекелі, ҚДКБҚ-ға банктердің міндетті күнтізбелік жарналарын есептеуге сараланған тәсілмен азайтылады. Сараланған тәсіл банктерді ыңғайлы тәртіпке келтіреді және банктерді аз тәуекелдік қызметтін жүргізуге ынталандырады. Жарна мөлшерлемесінің мөлшері банктің қаржылық жағдайы мен тәуекел-бейінінің ҚДКБҚ бағалауына байланысты келеді. Банктің тұрақты қаржылық жағдайы неғұрлым төмен болса, жарна мөлшерлемесі солғұрлым жоғары болады. Біршама тұрақты банктер аз мөлшерлеме бойынша жарна төлейді. Жағдайы тұрақты банктер тобы бойынша банктің жинақталған жарналарының қаржы осы банктің клиенттеріне кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша ҚДКБҚ болашақ міндеттемелерінің сомасына қатынасы орта есеппен 7,53%-ды құрайды, аз тұрақты банктер үшін бұл көрсеткіш 9,56%-ға теңеледі. Жарна мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері жеке тұлғалардың депозиттік базасы көлемінен жылына 2%-ға жетуі мүмкін. 2018 жылғы деректер бойынша, салыстыру үшін, Украинада қатысушы банктердің жыл сайынғы жарналарының ең жоғары мөлшері ұлттық валютадағы депозиттер бойынша депозиттік базадан 0,5%-ды және шетел валютасындағы депозиттер бойынша 0,8%-ды, Арменияда – 0,6%-ды, ал Эстония, Венгрия және Польша сияқты Еуропалық Одақтың елдерінде жарналардың ең жоғары жылдық мөлшері жабылатын депозиттік базадан тиісінше 0,1%-ға, 0,3%-ға және 0,7%-ға жетуі мүмкін.

Бұдан басқа, жосықсыз әрекет ету тәуекелі толық көлемде кепілдікке түспейтін депозиттердің елеулі үлесін сақтауымен шектеледі. Кепілдіктің ең жоғары мөлшерінен асатын көлемде депозиттерді орналастыратын салымшылар барлық ілеспе тәуекелдерді өзіне қабылдайды. Шын мәнінде, бұл салымшылар банктерді тәртіпке келтіруі тиіс, өйткені өз депозиттерінің ішінара кепілдік қорғалуын ескере отырып, олар банкті таңдап, оның тәуекел-бейіні мен қаржылық тұрақтылық дәрежесін бағалай отыра, сондай-ақ, онда депозитті орналастырғаннан кейін банктің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізуі тиіс.

Мұндай бағалаудың жүзеге асырылуы екі жағдайға байланысты келеді. Біріншіден, салымшыға қаржы саласында ең болмағанда базалық білім мен дағдыға ие болу керек. Екіншіден, тиімді нарықтық тәртіптің болуының қажетті шарты банктер тарапынан ақпаратты кеңінен ашу болып табылады. Банктің қаржылық жай-күйі мен тәуекел-бейіні туралы түсінікті нысанда жазылған ақпаратқа қол жеткізу кезінде салымшылар, сондай-ақ, басқа да мүдделі тұлғалар (кредиторлар, акционерлер) сияқты жоғары тәуекел үшін өтемақы ретінде неғұрлым жоғары кірістілікті талап етумен немесе тәуекелдік банктерден өз қаражатын ала отырып, банктерді тәртіпке келтіре алады. Ақпаратты ашу болмаған жағдайда Қазақстанның салымшылары нарықтық тәртіптің басқа түрін – қаражатты мерзімінен бұрын алудың еркін шарттары бар депозиттерге артықшылық беру әдісін қолданады. Сонымен, Қазақстан халқының арасында мерзімді емес депозиттердің танымалдығы - жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттерінің барлық көлемінің 97%-ы мерзімді емес депозиттерде орналастырылғаны ішінара түсіндіріледі. Қаржы сауатты салымшылардың санын ұлғайту және банктердің ақпаратты ашуын кеңейту тұрақты банктердің пайдасына халық қаражатының көп көлемін бөлуге және осы банктерді қорландырудың тұрақты базасын қалыптастыруға мүмкіндік бере отырып, қаржы жүйесінің тұрақтылығына оң әсер етеді.

Банктердің ақпаратты дұрыс ашып көрсету болмаған кезде нарықтың көптеген қатысушылары халықаралық кредиттік рейтингтерге бағдарланады. Алайда, кредиттік рейтингтердің сапасы нарықтық жағдайларға байланысты болады және хабарланбаған инвесторлар (оның ішінде салымшылар) үлесінің ұлғаюына қарай, сондай-ақ, банк жүйесі активтері сапасының нашарлауына қарай төмендейді .

Халықаралық деңгейде ақпаратты ашудың жеткіліксіздігі мәселесін Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетімен ақпаратты ашу бойынша кеңейтілген талаптарды - Pillar 3 әзірлеу жолымен жолдаған болатын. Аталмыш құжатта банктердің нарық қатысушыларының тәуекел индикаторлары туралы ақпаратты жария етуі - бұл банк жүйесі тұрақтылығының іргелі қағидаты екендігі айтылады. Ақпаратты ашу ақпараттың асимметриясын төмендетеді және банктердің тәуекел-бейіндерін салыстыруды қамтамасыз етуге көмектеседі. Pillar 3 қазірдің өзінде енгізілген немесе әлемнің көптеген елдерінде енгізу сатысында жүріп жатыр.

Халықтың депозиттері бойынша кепілдіктің болмауы банктердің сыртқы шоктарға сезімталдығын және олардың бедел тәуекелдеріне ұшырауын арттырады, депозиттерді жаппай алып қойған жағдайда банктердің өтімділік және төлем қабілеттілігі тәуекелдерін арттырады, сондай-ақ халықтың депозиттері бойынша тәуекел үшін неғұрлым жоғары сыйлықақы есебінен банк секторының шығындарын ұлғайтады. Бұдан басқа, депозиттер бойынша кепілдіктің болмауы банк жүйесінің, демек, барлық қаржы жүйесінің тұрақтылығын ішкі инвесторлардың алдында ғана емес, халықаралық инвесторлардың да қабылдауын төмендетеді. Мысалы, Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі банктерінің кредиттік рейтингін есептеу әдістемесі бойынша депозиттер бойынша кепілдіктің болуы банктің өтімділігін бағалау кезінде ескеріледі, сондай-ақ банктің қолдау түрлерінің бірі ретінде қаралады. Демек, Moody’s әдістемесі бойынша кепілдіктің болмауы (өзге де тең жағдайларда) депозиттік базаның тұрақтылығын бір жақты төмендетеді, банктердің жаппай алымдардан қорғау үшін өтімділікке деген қажеттілігін арттырады, сонымен тиістінше табыстылық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Осылайша, қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен тұтастай алғанда халықтың қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігі, экономикадағы ішкі және сыртқы тәуекелдердің болуы, елдің қаржы нарығында оның қатысушылары тарапынан ашықтығының төмен болуы жағдайында Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру жүйесі республикадағы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды және ажырамас бөлігі болып қала береді және өзінің жұмыс істеу қажеттілігін үздіксіз растайды.