Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

«ҚДКБҚ-ның басты басымдығы – салымшылардың банк жүйесіне деген сенімін сақтау және олардың мүдделерін қорғау»

Өтіп бара жатқан 2022 жыл әлемнің көптеген елдерінің экономикалары, қаржы нарықтары мен олардың қатысушылары үшін өзіндік беріктік сынағы болды. Халықаралық экономикалық қатынастарға объективті түрде біріккендігін ескере отырып, біздің экономикамыз бен банк жүйемізге де әлемдік нарықтардағы мұндай турбуленттіліктерді сезінбеу мүмкін болмады.


Қазір, жыл аяқталуға жақын қалғанда, Қазақстанның депозит нарығы бірінші тоқсанда байқалған белгілі бір тұрақсыздыққа қарамастан, оң нәтиже көрсетіп, төтеп берді деп айта аламыз. Бұған көп жағынан Қордың банк жүйесіне барынша сенімділікті қамтамасыз етуге және салымшылардың мүдделерін қорғауға бағытталған қызметі ықпал етті.


Қордың бағыты ойыннан шыққан банк салымшысына кепілді өтемді төлеумен шектелмейтінін атап өткіміз келеді. Бұған халықпен, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктермен, реттеуші органдармен және нарықтың басқа өкілдерімен өзара іс-әрекетті қоса алғанда, шаралардың, саясаттардың және рәсімдердің тұтас кешені кіреді. Қор қызметінің осы аспектілеріне толығырақ тоқталайық.


Біз үнемі байланыста болдық


Халықтың банк жүйесіне сенімін қамтамасыз етуде тиімді коммуникациялардың рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Халықпен белсенді жұмыс жасау әрқашан Қор үшін ең маңызды басымдық болғанымен, соңғы жылдардағы оқиғалардың қарқынды дамуы бізді өз ақпараттық саясатымызды қайта қарауға итермеледі. Осылайша, ақпараттық-түсіндіру арналарымызды кеңейтіп, веб-сайт интерфейсін мерзімді түрде жаңартып, оның негізгі бөлімдеріне ерекше мән беріп, «сұрақ-жауап» айдары мен тақырыптық материалдар арқылы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жасадық. Депозит нарығындағы трендтер мен жағдайларды жариялаудың жүйелілігі мен уақтылығын арттыра отырып, біз өз аудиториямыздың, оның ішінде халықтың, банктердің, БАҚ-тың депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы толық хабардар болуын қамтамасыз етуге тырыстық.


2022 жылы 65 пресс-релиз жарияланды, біз салымшыларға жинақтарының сақталуын, депозиттері Қордың сенімді қорғауында екенін үнемі еске салып отырдық. Біздің қызметіміз туралы халықтың сауатты және уақтылы ақпарат алуы біз үшін өте маңызды. БАҚ-қа арналған пресс-релиздерден басқа, біз журналистердің сауалдарына жауап береміз, сондай-ақ теледидарлық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «тікелей» түсініктеме береміз, тікелей эфирлерге қатысамыз.


Әлеуметтік желілердегі жұмысқа көп көңіл бөлінді. Салымшылар маңызды және пайдалы ақпаратты уақтылы алуы үшін Қор аккаунттарында депозиттерге кепілдік беру жүйесіндегі оқиғалар мен жаңалықтар туралы пайдаланушыларды үнемі хабардар етіп отырамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер —тұрғындардан кері байланыс алудың тамаша құралы болып табылады. Пайдаланушылардың сұрақтары мен пікірлеріне жедел жауап беру — біздің қызметіміздің өте маңызды аспектісі.


Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда пайдаланушыларға 1460 қысқа нөмірін теру арқылы хабарласуға болатын Қордың call-орталығында сауатты жауаптар алу мүмкіндігі бар. Біздің сұрақ-жауап базамыз Қордың үдерістеріндегі жаңалықтар мен өзгерістерді ескере отырып, үнемі жаңартылып отырады. Сондай-ақ қажетті ақпаратты info@kdif.kz электрондық поштасына хат жіберу немесе @kdif_ask телеграм-чатында сұрақ қою арқылы алуға болады. Сонымен қатар, пайдаланушылар жұмыс уақыты кезінде сандық көмекшіге хабарласып, мәтіндік операторға сұрақ қою мүмкіндігіне ие, сонымен қатар олар ҚДКБҚ сайтындағы «виджет» арқылы жылдам автоматты жауаптар жүйесін пайдалана алады.


Оның үстіне, халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында Қор жыл сайын депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы ақпараты бар парақшалар түріндегі тегін баспа өнімдерін таратады. Биылғы жылы үдерістерді цифрландыру аясында біз парақшаларға Қордың сайтына кіріп, қажетті ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін QR-кодын орналастырдық. Парақшаларды Қордың кеңселерінде және екінші деңгейлі банктердің бөлімшелерінде алуға болады.


Салымшыларды кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі туралы хабардар ету үшін біз банк шоты немесе банктік салым шартын жасау кезінде банктер өз клиенттеріне таныстыру ретінде ұсынуға міндетті хабарлама нысанын әзірледік. Сонымен қатар, біз төлем үдерісінің әр кезеңінде салымшыларды ақпараттандыруды барынша арттырдық. Бұл бастамалар банк клиенттерінің назарын қазақстандық депозиттерді қорғау жүйесінің маңызды ерекшеліктеріне аударуға, сондай-ақ өтемақы төлеу үдерісінің өзінде лицензиядан айырылған банк салымшыларымен өзара іс-әрекетті күшейтуге бағытталған.


Кепілдіктің максималды төлемі қарастырылған!


Халықтың қаржылық сауаттылығы мен хабардарлығы деңгейін арттырудан бөлек, Қор қызметінің тағы бір негізгі бағыты барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына төлем жасау үдерісін оңтайландыру болып табылады. Соңғы бірнеше жылда жүргізілген төлем үдерісін оңтайландыру халықтың өз жинақтарына қысқа мерзімде қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Енді қазақстандықтар банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімін күтуге міндетті емес және төлемдерді банктер лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күнінен кешіктірмей ала алады. Іс жүзінде 2020-2021 жылдары лицензиясынан айырылған банк салымшылары үшін Қор 6-8 жұмыс күні ішінде төлемдерді қамтамасыз етті, бұл бізді үздік халықаралық тәжірибеге жақындатты, яғни, төлемдерді 7 күн ішінде жүзеге асырдық!


Сонымен бірге, біз төлемдер жүргізуді бастау уақытын қысқартып қана қоймай, әсіресе Қазақстанда сандық технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып, салымшыларға қызмет көрсетудің ыңғайлылығын жақсарту бойынша жұмыс жасадық. Осылайша, заңнамалық деңгейде кепілді өтемді алуға өтінішті тек қағаз жеткізгіште агент-банк бөлімшесінде ғана емес, электронды түрде де тікелей Қорға жіберуге мүмкіндік туды. Төлем үдерісін оңтайландырудың тағы бір үлкен қадамы көптеген шағын қалдықтары бар шоттарға сұраныстың болмауына байланысты мәселені шешуге мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер болды. Біріншіден, төлемдерді жүзеге асыру мерзімі 1 жыл болып белгіленді. Екіншіден, төлем мерзімі аяқталғаннан кейін салымшылардың талап етілмеген сомасын Қор олардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына аударады деп көзделді.


Осындай жаңалықтарды ескере отырып, биылғы жылы Қор жұмысындағы елеулі кезең барлық таратылған банктердің салымшыларына кепілді өтемді төлеудің аяқталуы болды. Мысалы, жеке сақтандыру жағдайлары бойынша төлемдер соңғы 15 жылда жүргізілді. Нәтижесінде Қор таратылған тоғыз банк бойынша 114,3 млрд теңгеден астам төлем жасады, 419 мың салымшы өз ақшасын алды. Бұл ретте БЖЗҚ-ға 270 мыңнан астам салымшының жеке зейнетақы шоттарына 830,5 млн теңге көлемінлегі талап етілмеген сомалар аударылды. Осылайша, Қордың кепілді өтем сомасы бойынша өз міндеттемелерін 99%-ға орындады.


Өтемақы төлеу мерзімін өткізіп алған салымшыларға Қор «дәлелді себептермен» негізделген өтініштерді қабылдауды жалғастыратынын айтқымыз келеді. Заң талаптары бойынша, қаражат БЖЗҚ-ға аударылған болса да, өз қаражаттарыңызды қайтара аласыздар.


Депозиттер өз позицияларын арттырды


Енді депозит нарығының динамикасы, оның орнықтылығы мен тұрақтылығының нығаюын айғақтайтын фактілер туралы біраз сөз қозғайық. Жасыратыны жоқ, соңғы онжылдықта банктер пассивтер құрылымындағы халық депозиттерінің абсолютті позициялары мен салмағын дәйекті түрде арттырып келеді. Бүгінгі күні депозиттер банкті қаржыландырудың іс жүзінде басым көзіне айналды. Қаржы нарығының осы сегментінің «әл-ауқатын» бақылаудың маңыздылығы да осыдан туындайды. «Қауіпсіз» аймақ шеңберінен шықпағанымыздың ең маңызды дәлелі – өткен жылдардағы оң динамиканың сақталуы. Бірінші тоқсанда геосаяси тәуекелдердің жүзеге асуына және еншілес ресейлік банктерге қатысты санкциялық шектеулерге реакцияға байланысты аздаған құлдырауға қарамастан, кейінгі тоқсандардың статистикасы көрсеткіштердің тұрақты өсуін көрсетті. Нәтижесінде халықтың депозиттері бір жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, 2022 жылдың 11 айында 15,7 трлн теңгені құрады.


Салымшылардың банктерге деген сенімін сақтауын дәлелдкйтін тағы бір факт – салымшылар ашқан шоттардың саны және олардың жыл бойында тұрақты өсуі. 2022 жылдың басынан бері олардың саны 20,4 миллион шотқа дейін өсті. Ағымдағы жылы көрсеткіштердің өсуі барлық депозиттер, әсіресе ағымдағы және карточкалық шоттар бойынша (+17,9 млн. шот) болғанын атап өткен жөн.


Сенімділіктің қосымша көрсеткіші – депозиттердің долларлану деңгейі және халықтың өз депозиттерін шетел валютасына асығыс айырбастауының болмауы. Тарихта шетел валютасындағы депозиттердің үлесі барлық депозиттердің 70-80%-ына жетіп, теңгерімсіздік тудырып, қаржы нарығының тұрақты дамуына кедергі келтіргені белгілі. Қазір шетел валютасындағы депозиттердің үлесі алдыңғы жылдары біртіндеп төмендеп, 34-36% деңгейінде тұрақтанды.


Сондай-ақ, тұрақтылық пен халықтың сенімін сақтауға банктердің қорландыру құрылымын нығайтуға көмектесетін шараларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізіледі. 2018 жылдан бастап Қор Ұлттық Банкпен бірлесіп теңгедегі депозиттер бойынша мерзімді құрылымды құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған депозиттердің түрі мен мерзіміне байланысты мөлшерлемелерді реттеу арқылы қол жеткізіледі. Аралық нәтижелерді қорытындылай келе, бұл бағыттағы белгілі бір жетістіктер туралы айтуға болады. Тұрақты теңгемен қаржыландырудың үлесі (жинақ салымдар мен мерзімді депозиттер) ағымдағы жылдың жекелеген кезеңдерінде айтарлықтай өсті және жалпы теңгелік депозиттердің (талап етуге дейінгі депозиттер мен ағымдағы шоттарды қоспағанда) 16,4%-ға жетті. Егер абсолютті мәндерді алатын болсақ, онда, мысалы, теңгедегі жинақ салымдары желтоқсан айының басында 1 трлн теңгеден

 асты.

Салымдарды қорғау – біздің басты міндетіміз


Депозиттерге кепілдік беретін мекеме ретінде банктерді қаржыландырудың мерзімді құрылымын күшейтумен қатар, салымшылардың мүдделерін қорғау және қаражаттарының сақталуын қамтамасыз ету біз үшін басты міндет болып табылады. Әсіресе салымшылар өздерінің «жинақ сандықшасының» сатып алу қабілетін сақтауға алаңдайтынын ескерсек, сақталуды пайыздық мөлшерлемелердің және инфляцияның деңгейіне байланысты болатын депозиттердің табыстылығынан бөлек қарастыруға болмайды. Жалпы макроэкономикалық үрдістерді, ең алдымен, инфляциялық үдерістердің жеделдеуін ескере отырып, Қор өзгермелі жағдайларға оңтайланып, жедел әрекет етуге ұмтылды – біз нарықтық өзгерістерге және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің өзгерістеріне жауап ретінде депозиттердің шекті (максималды) мөлшерлемелерін мүмкіндігінше тезірек түзеттік.


Сонымен қатар, инфляциялық динамиканың үдеуінің салдарын жеңілдету үшін депозиттер құнының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп халықтың теңгедегі депозиттерін қорғау бағдарламасын әзірледі. ҚДКБҚ осы бағдарламаны жүзеге асырудағы маңызды буыны және тараптардың бірі болып табылады.


В 2023 жылдың басында теңгедегі депозиттерге депозит сомасының 10% мөлшерінде өтемақы (сыйақы) төленеді. Салымшыларды мемлекет тарапынан қолдаудың мұндай теңдессіз шаралары депозиттердің нақты табыстылығы төмендеуінің салдарын барынша азайтады.


ҚДКБҚ-ның соңғы мәліметтері бойынша, банктер 292 млрд теңгеге өтінімді қабылдаған, бұл өтемақының ықтимал сомасының 87% құрайды. Қор мөлшеріне қарамастан, сыйақы Бағдарлама ережелеріне сәйкес келетін барлық депозиттер бойынша есептелетінін ескертеді. Маңызды ақпарат: сыйақыны алу үшін салымшы депозиті салынған банкке 2023 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей өтініш беру арқылы келісімін растауы қажет.


Қорытындылай келе


Депозиттер нарығының негізгі сәттеріне қысқаша шолу жасай отырып, салымшылардың банк жүйесі мен депозиттерге кепілдік беру жүйесіне деген сенімінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін ең маңызды критерийлері немесе белгілі бір дәрежеде сенімділік көрсеткіштері болып Қордың салымдар бойынша кепілдік сомасы және төлемдерге арналған жинақталған сақтық қор көлемі табылатынын атап өткен жөн. 2022 жылдың басында жинақ салымдары бойынша кепілдікті 15 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін арттыруды көздейтін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Бүгінгі күні Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру мөлшері ТМД елдері арасындағы ең жоғарылардың бірі болып табылады. Кепілдік мөлшерінің жан басына шаққандағы ЖІӨ-ге қатынасын қарастыратын болсақ, онда теңгедегі жинақ салымдары бойынша ол жан басына шаққандағы ЖІӨ-ден 4,5 еседен, ал ұлттық валютадағы депозиттердің басқа түрлері бойынша 2 еседен асады. Ал халықаралық ұсыныстарға сәйкес кепілдік мөлшері жан басына шаққандағы 1-2 ЖІӨ шегінде болуы керек.


Банк лицензиясынан айырған жағдайда өз міндеттемелерін орындау үшін Қор елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі болып табылатын кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған арнайы сақтық қор қалыптастырады. Онда жинақталған қаражат көлемі Қордың жарғылық капиталының 70%-ын есепке алғанда бүгінгі таңда триллион теңгеге жақындап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға артқан. Сақтық қордың айрықша ерекшелігі – оны құру әдісі әлемдік стандарттарға жақын екендігінде – түсімдердің 49%-ы қатысушы банктердің жарналары есебінен алынды. Нәтижесінде, қазіргі уақытта Қордың сақтық қорында 799,5 млрд теңге, ал жарғылық капиталдың 70%-ын есепке алғанда – 964,6 млрд теңге жинақталған.


Осылайша, 2022 жылды қорытындылай келе, Қор, ең алдымен, салымшыларға кепілді өтемді төлеудің қолайлы болуы үшін жағдай жасауға бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарды деуге болады. Қор Қазақстанда салауатты, бәсекеге қабілетті және сенімді депозит нарығын қалыптастыруға өз үлесін қосты, салымшылармен байланыс орнату бойынша жұмыс жасады және олардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды қабылдады, бұл елдің банк секторының тұрақтылығы мен өсуіне ықпал ететіні сөзсіз. Өткен жылдардағыдай, Қор алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдіруді жалғастыруға, сондай-ақ халықпен үнемі байланыста болуға, ашық болуды және салымшылардың мүдделерін қорғау және азаматтардың отандық банк жүйесіне деген сенімңн қолдау үшін қажеттінің бәрін жасауға дайын болуды алдағы уақытта да көздейді.